Бұзақыларды іздестіру шаралары басталды
Алматы облысында ауладағы тұрғындарды жабылып ұрған жас жігіттердің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты Алматы облыстық ПД пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, оқиға маусымның 12-сінен 13-іне қараған түні Талғар ауданында болған. Бесағаш ауылындағы "Аспан Сити" тұрғын үй кешенінің ауласына бір топ жігіт келген. Алдымен орындықта отырған ер адамды тепкен. Одан кейін үйдің кіреберісіне жетіп қалған екі жігітті соққыға жыққан.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Бес адам зардап шеккен. Олардың екеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Полицейлер видеоны зерделеп, куәгерлерден жауап алып жатыр. Бұзақыларды іздестіру шаралары басталды, олардың біреуі ұсталды.
Облыстық полиция департаментінің басшылығы тергеу шараларын жеке бақылауына алды.