«АрселорМиттал Теміртау» цехында апат болып, 4 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпорында цехтағы пештің күмбезі құлап, 5 адам үйіндінің астында қалып қойды

фото: depositphotos.com

Бүгін Қарағанды облысындағы "Құрылысмет" ЖШС аумағында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жазатайым оқиға орын алып, 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.

«Отқа төзімді кірпіш қалауын бөлшектеу кезінде ұста-пресс цехының № 9 жұмыс істемейтін термиялық пешінде төбе құлады. Пеш күмбезі құлап, үйінділердің астында бес адам қалды. Олардың төртеуі қайтыс болды, біреуі ауруханаға жеткізілді», - деп көрсетті Қарағанды облысының әкімдігі.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары және "Серіктес Өрт Сөндіруші" ЖШС қызметкерлері үйінділерді аршып жатыр.

ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкімімен комиссия құрылады және жазатайым оқиғаға арнайы тексеру жүргізіледі. Нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады деп көрсетті облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.