Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 30 млрд теңгені игермеген
2021 жылы бірнеше министрлік республикалық бюджеттен бөлінген 68,8 млрд теңгені игермеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ең маңыздысы 2021 жылғы бюджеттің орындалуына қатысты есепте Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамауабаев бюджетті игермеген министрліктерге қатысты мәліметті жария етті. Өткен жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 30 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі 4,5 млрд теңге, Денсаулық сақтау министрлігі 7,4 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі 8,1 млрд теңге игермеген», - деп жазды ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Отырысқа қатысқан депуттар тұрғын үй құрылысы, экология, бюджетті жоспарлау, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау, ауылшаруашылық, өндіріс, цифрландыру және ақпараттық салаға жауапты министрлерге тиісті сұрақтар қойды.
«Министрлер кабинеті былтыр бюджетті 12 рет түзеткен. Соның өзінде 68,8 млрд теңге игерілмей қалған», - деді Мәжіліс депутаты З. Кузиев.