«Ресейде ресми тұрде жабылған қаржы пирамидасы біздің елде әлі жұмыс істейді екен...»
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Сыдырбеков ведомство қаржы пирамидаларымен қарқынды күрес жүргізіп жатқанын айтты. Алайда оның мәлімдемесі депутаттардың ашуын туғызды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Жыл басынан бері қаржы пирамидаларына қатысты айтарлықтай қылмыстық іс қозғалды. Нақты цифры қазір жолымда жоқ», - деді Ғабит Сыдырбеков.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева агенттік шынымен жұмыс жүргізсе, «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасының бір жыл бойы емін-еркін жұмыс істеп келгенін қалай түсіндіретінін сұрады.
«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасы мұрныңыздың астында отырып, бір жылдан аса уақыт емін-еркін жұмыс істеді. Осыны қалай түсіндіресіз? Сіздер әлде 28 мың адамның алданғанын күтіп жүрдіңіздер ме?! Мұндай алаяқтар әлі жұмысын істеп, еркін «өмір сүріп» жатыр. Әлеуметтік желіде ақпарат таратып, ірі қалаларда офис жалдап, халықты тартып жатыр. Ресейде ресми тұрде жабылған қаржы пирамидасы біздің елде әлі жұмыс істейді екен. Бір жылдан бері жарытып ешнәрсе істей алмай отырсыздар Осыларды тайраңдатып қойып, «біз қарқынды жұмыс істеп жатырмыз» деп отырсыз», - деді депутат.