Ол үшін тұтынушы еGov.kz. порталындағы мәртебесіне көз жеткізуі қажет
Атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алушылар табиғи газды 20 пайызға төмендетілген бағамен алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар» санатына жататын тұтынушылардың елдің газдандырылған барлық өңірінде төмендетілген бағамен газ алу мүмкіндігі болады. Газға төмендетілген бағаны алу үшін тұтынушы еGov.kz. порталындағы АӘК және тұрғын үй көмегін алушы ретіндегі өзінің мәртебесіне көз жеткізуі қажет», - делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Айта кету керек, 1 сәуірден бастап бұл мүмкіндік пилоттық жоба ретінде Тараз және Орал қалаларындағы аталған санатқа жататын отбасыларға беріле бастаған болатын. Бұл – шамамен 3 мың тұтынушы. Азаматтарға жеңілдік алу үшін қандай да бір өтініш жазып, кезекке тұрудың қажеті жоқ.