Құрамында 186 белсенді партия мүшесі бар Республикалық штаб құрылды
«AMANAT» партиясы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау жөніндегі Республикалық партиялық штабының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев үгіт-насихат науқанының нәтижелері туралы айтты.
«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Республикалық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жасалды. Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік.
Конституциялық өзгерістерді халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр», - деді Асхат Оралов.
Партия жанынан құрамында 186 белсенді партия мүшесі бар Республикалық штаб құрылды. Оның қатарына Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері кірді. Өңірлерде облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар жұмыс істеді. Республика бойынша барлығы 218 штаб болды. 6 мамырдан 3 маусымға дейін РПШ мүшелері үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында азаматтардан 20 мыңға жуық талап-тілек пен ұсыныс түсті.
«AMANAT» партиясының 28 мыңға жуық өкілі референдум күні дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, депутаттық корпустың алдында заң шығарушылық қызмет бойынша ауқымды жұмыс тұр.
«12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. 6 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады», - деді Павел Казанцев.