Бүгін қарияның туған күні
Павлодар облысындағы Кенжекөл елді мекенінде 106 жасқа толған әжей референдумда дауыс берді. Бүгін қарияның туған күні, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бүгін Қапиза Рахмет 106 жасқа толып отыр. Қапиза әже Кенжекөлдің ең қарт тұрғыны саналады. Қария жасының ұлғайғанына қарамастан референдумға үйден емес, сайлау учаскесінде дауыс беруге бел буған.
Референдум комиссиясы мен ауылдық әкімдік өкілдері оны туған күнімен құттықтап, сыйлық табыс етті.
Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, зейнеткерлер үйлерінен дауыс беруге мүмкіндік алғанын атап өтті. Үйден дауыс бергендердің арасында 97 жастағы ардагер Василий Григораш та бар. Соғыс жылдарында атқыштар полкінде алдымен қатардағы жауынгер болып, кейін аға сержант, бөлім командирі қызметтерін атқарған. Еңбегі үшін 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Василий Григораш 1951 жылдан бері Павлодарда тұрады. Соғыстан кейін темір жол депосына жұмысқа орналасады. Ардагер барлық сайлауларға, соның ішінде 1995 жылғы референдумға да қатысқанын айтты.
«Бірінші рет үйден дауыс беріп отырмын. Бұрын өзім баратынмын. Мен бәрі жақсы болсын, халқымыз қазіргідей тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін сыйлап, жақсы көрсін деп дауыс беремін. Көршілермен туысқан адамдар сияқты тұрамыз. Солай өмір сүруіміз керек», - деді ардагер.
Айта кетейік, республикалық референдумда Қазақстан халқының кем дегенде жартысы дауыс берсе референдум өткен болып саналады.
Павлодар облысында барлығы 528 дауыс беру учаскесі бар болса, дауыс беруге құқылы 500 мыңнан астам тұрғын бар. Учаскелер кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.