Қасым-Жомарт Тоқаев: Елімізде қаңтар оқиғасы енді қайталанбайды

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысының қатысуымен қысқаша брифинг өтті

Видеодан кадр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін оның қатысуымен қысқаша брифинг өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басышысы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезнде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімі жариялана ма деген сұраққа жауап берді.

«Қайтыс болғандардың тізіміне келетін болсақ, ол әрине, жарияланады. Ол бүкіл жұртшылыққа белгілі болады. Онда мен айтып өткенімдей, лаңкестік тараптың өкілі болғандар, яғни өз іс-әрекетімен мемлекеттік жүйеге нұқсан келтіргісі келгендер көп. Бірақ мемлекетімізге қарсы ұйымдастырылған ол шабуылдарға еш қатысы жоқ адамдар да бар. Осыған байланысты біз, әрине, көңіл айтамыз және өкінеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Ол бейбіт халыққа қарсы қол көтерген әскерилердің жауапқа тартылатынын қадап айтты.

«Тергеу жүргізіліп, баллистикалық сараптамалар жасалып жатыр. Сондықтан бәрі белгілі болады», - деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы тілшілердің «Қаңтар оқиғасы кезінде 20 мың лаңкестің болғаны қаншалықты рас?» деген сауалына жауап берді.

«20 мыңға (террористер) келсек, бұл деректі бұрынғы құқық қорғау органдарының басшылары келтірген болатын. Бұл бүкіл елге қатысты оқиға болды. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы топтық шабуылдар жасалғанын білесіздер. Бүгінде 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды. 500 қылмыстық іс сотқа жолданды. Дегенмен тек 23 адамның нақты жауапқа тартылғанына назар аударғым келеді. Бұл осы қайғылы істі өте мұқият тергеп жатқанымызды көрсетеді», -  деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, «елімізде қаралы қаңтар енді қайталанбайды, бүгінгі референдум – соның кепілі».