Президент: Референдумға дауыс беруге келген халық елдің болашағына сеніммен қарайды
Ол Президент ретінде бұлжытпай ұстанатын қағидасы жайында да айтты
Мемлекет басшысы елордалық Оқушылар сарайында орналасқан №59 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайлау учаскесінде Президент БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Халқымыз бүгін өз шешімдерін, бағыт-бағдарын қабылдамақ. Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылды», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Президент ретінде бұлжытпай ұстанатын қағидасы жайында да айтты.
«Ең алдымен халқымызға адал қызмет ету, Конституцияны қатаң сақтау – Президент ретіндегі басты міндетім. Алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз ұлт, ел болып жұмыс істеуміз керек. Елімізге төнетін қауіп-қатерлер аз емес. Сондықтан өте қырағы және қиындыққа төтеп бере алатындай болуымыз керек. Бүгін референдумға дауыс беруге келген халық мемлекеттің болашағына үлкен сеніммен қарайды. Осылайша қоғам мен мемлекет бірлесе жұмыс атқарып, адам құқығы алдыңғы орынға шығады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның сөзінше, Конституцияда адам құқықтары омбудсмені статусы пайда болды. Ол жаңадан құрылғалы отырған конституциялық сотқа жүгінеді.
«Парламент пен Президент арасында тепе-теңдік болуы керек. Бұл – демократияның бір көрінісі. Парламент құзыретін арттыру Президент жұмысына ешқандай тосқауыл болмайды», - деді Мемлекет басшысы.