Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді
Бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр
Мемлекет басшысы елордалық Оқушылар сарайында орналасқан №59 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, республикалық референдумда дауыс берді.
Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – бүгінгі аса маңызды шараның басты ерекшелігі. Бұған дейін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді Парламент қабылдайтын.
Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтады.
– Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қатысты журналистердің бірқатар өзекті сауалына жауап берді.
Айта кетейік, бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.
Осыдан тура бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Барлығы республика бойынша 10 013 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қазақстандықтар сондай-ақ шетелдерде дауыс беруге құқылы.
Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың тізіміне 11,7 млн сайлаушы қосылған.
Барлық сайлау учаскесі таңғы 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.