Елордалық полицейлер көліктің айнасы мен бұрандыларын шешіп алған ұрыны ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті  ұрланған заттарды сатып жібермек болған

фото: 24.kz

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының полиция қызметкерлері көліктің айнасы мен бұрандаларын ұрлаған 35 жастағы тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында анықталғанындай, күдікті Республика даңғылындағы үйдің ауласында тұрған «Volkswagen» маркалы автокөлікті байқаған. Содан ол бұрауышты қолданып, үш бұранданы шешіп, құны 20 мың теңге тұратын оң жақ айнаны ұрлап кеткен. Қаскүнем ұрланған затты қайта сатқысы келгенімен бірақ үлгермеген.

Ұрлық туралы полицияға зардап шеккен көліктің иесі хабарлады. Ол аулада қалдырылған көлікте дабыл жүйесі жоқ екенін айтты. Таңертең айна жоғалғанын байқаған ер адам бірден 102-ге хабарласқан.

«Аталған факті бойынша «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда», - деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті.