Енді министрлік төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді
Мемлекеттік тапсырысқа үміткер балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейтетін бұйрық дайындалды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің жаңа бұйрығында мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілетіні айтылады.
Бұйрықтағы негізгі мәселелер:
1. Тәрбиешілер мен басқа да педагогтердің біліктілігі мен біліміне қатысты талаптар енгізілді.
2. Жұмыс істейтін тәрбиешілер бойынша үлгілік штат нормативін сақтау талабы енгізілді. Яғни, мысалы, бір мұғалім күні бойы 50 баламен жұмыс істей алатын тәжірибеден бас тарту. Саны 25 аспауы тиіс.
3. Міндетті түрде бейнекамералар орнату.
4. Балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға толық сәйкестігі.
5. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі.
6. Сонымен қатар білім басқармаларына мемлекеттік тапсырыс орналастырылғанға дейін балабақшалардың жұмысымен және онда жасалған жағдайлармен танысу құқығы беріледі. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында мұндай мониторинг балабақшалар қауымдастығы мен қоғам өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізіледі.
7. Сондай-ақ білім басқармалары балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу мүмкіндігінен айырылады. Енді жалпы талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленеді. Ал ата-аналар жасалған тізімнен балабақшаны өздері таңдай алады.
Министрдің айтуынша, «енді жалпы талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі жасақталып, тізім аясында ата-аналардың өзі балабақша таңдайтын болады».
«Демек мемлекеттік тапсырыс ата-аналар таңдаған балабақшаларға жіберіледі. Follow the quality. Болжам бойынша, бұл бәсекелестікті арттырып, балабақшалардың сапасын жақсартады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, министрлік төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.
1. Лицензиялауды қайтару.
2. Жұмыс жағдайы мен сапасы тексеріп, барлық балабақшаны аттестациядан өткізу.
3. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.
4. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатқаны белгілі болған еді.