Нұр-Сұлтанда креативті білім және технологиялар орталықтары ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Халықаралық балаларды қорғау күнінде елорданың барлық ауданында фестивальдер, спорттық жарыстар мен концерттер өтті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында балалардың шығармашылығы мен білімін дамытуға арналған бірнеше орталық ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Халықаралық балаларды қорғау күні өнер-білім, танымдық және оқу орталықтары, аулалар ашылды, сондай-ақ елорданың барлық ауданында фестивальдер, спорттық жарыстар мен концерттер өтті. 

Мәселен, «Білім-парк» өнер-білім орталығы (Нұрсая ТК) ашылды. Онда балалар робототехникамен, кеме үлгілеумен, авиамодельдеумен, видеографикамен айналыса алады, сол сияқты бокспен шұғылданып, домбыра шерту мен шахмат ойнауды үйрене алады. «Білім паркіндегі» сабақтар тегін, балалар оған Оқушылар сарайының сайты арқылы жазыла алады.

Бұдан бөлек Оқушылар сарайының (Б.Момышұлы көшесі, 5) бос тұрған орындарын пайдалана отырып, қызметін айтарлықтай кеңейттік. Онда «SANA» креативті білім беру орталығы мен «TANYM» креативті технологиялар орталығы ашылды. Бұл орталықтарда балаларға бағдарламалау және компьютерлік графика дәрістері өтеді. Ал ойын барысында балалар қажетті білім мен дағдыларды, әсіресе роботтарды бағдарламалауды, логикалық ойлауды дамытуды және т.б. тез есте сақтайды. Ал сабақтары тегін өткізіледі.

Кездесу соңында түлектерімізбен, сондай-ақ халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен әңгіме өрбеттік. Командамыз жыл сайын республикалық олимпиадаларда «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болып келеді. Биыл біздің команда рекорд орнатып, 93 жүлделі орынға ие болды. Мұның бәрі – ұстаздардың, мектеп оқушыларының және олардың ата-аналарының тынымсыз еңбегінің жемісі.

Мемлекет басшысы осы жылды Балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпаққа жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар жүйелі жүріп жатыр: мектептер саламыз, ұстаздардың жалақысын арттырамыз, танымдық және оқу орталықтарының желісін кеңейтеміз.

Әрбір отбасыға, әр балаға зор денсаулық, табыс және амандық тілеймін!» - деп жазды елорда әкімі.