Онда науқастан басқа дәрігер, курьер және жүргізуші болған
Оралда науқастарды ауруханаға апара жатқан санитарлық көлік жол апатына ұшырады. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, оқиға 1 маусым күні М.Лермонтов пен Дәулеткерей көшелерінің қиылысында болған. Облыстық онкологиялық диспансердің «УАЗ» автокөлігі басты көшемен (М.Лермонтов) келе жатқан. Оны «Шевроле Кобальт» автокөлігі өткізбей, түйіскен. Соның салдарынан санитарлық көлік төңкеріліп қалған. Оқиға орнынан 4 адам ауруханаға жеткізілген.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, санитарлық автокөлік науқасты ауруханаға апара жатқан. Онда науқастан басқа дәрігер, курьер және жүргізуші болған. Ауыр жарақаттары жоқ. Дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Жеңіл көліктің жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты.