«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа жолдарын талқылады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 5 маусымда өтетін референдумның бизнестің дамуына әкелетін өзгерістерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жиында экономикалық және саяси реформалар контекстінде бизнесті дамытудың жаңа перспективалары туралы айтылды. Шараға қатысқан «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлік саласындағы негізгі мәселелерді атап, алдағы референдумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
«Бүгін біз кездесуді бейресми жағдайда өткізуді ұйғардық. Биылғы жыл біздің өмірімізді, мемлекетпен қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертті. Мен қазір Қазақстан азаматы ретінде өзім үшін де, бизнес атынан да айта аламын. Біз өзгерістің лебін сезіп отырмыз. Сауалымызға жауап беретін, бізді еститін мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды сезіндік.
Сондықтан референдумға қатысу біз үшін принципті мәселе. Бизнеске тікелей қатысты болғаннан кейін, ұсынылған өзгерістерді үнемі талқылағандықтан саяси процестерге кәсіпкерліктің қандай қолдау көрсететінін жақсы білеміз.
Қоғамды, саяси жүйені жаңғырту – бұл бизнестің тұрақты және орнықты дамуы үшін қажет негізгі процесс», - дейді Райымбек Баталов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Конституцияға түзетулер енгізу бойынша жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Сіздер білесіздер, біз өңірлер деңгейінде шағын және орта бизнеспен өзара жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бизнесте еліміздің 5 миллионға жуық тұрғыны жұмыс істейді. Сондықтан біз осы түзетулерді нақты қажет жандармен тікелей кездесулер өткізу арқылы талқылауды шештік.
Конституцияға түзетулер еңгізу бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарын әзірлеп, қабылдадық. Жоспар аясында біз «HoReCa» нысандарымен, тұрғын үй жанындағы дүкендермен, сауда орталықтары және басқа да ШОБ (шағын және орта бизнес) нысандарымен кездесу өткіздік. Онлайн вебинарлар өткізіліп жатыр. Қатысушылардың жалпы саны 2 мыңнан басталады жоспарлап отырмыз. Кейін 265 мың адамға дейін қамтылады. Қазірдің өзінде 90 мыңға жуық адамды қамтып, 4 мыңға жуық нысанды аралап шықтық. Оның ішінде желілік дүкендер – 220, тұрғын үй маңындағы дүкендер – 1300, HoReCa – 328, 200-ге жуық базар және 1300-ден астам басқа да нысандар бар.
Жоғарыда айтқанымдай халықтың басым көпшілігін шағын және орта бизнес бағытында жұмыс істейтін адамдар құрайды. Өкінішке қарай, олар көп жағдайда елде болып жатқан саяси өзгерістер жөніндегі ақпараттармен толық қамтылмайды. Жоғарыда айтқанымдай халықтың басым көпшілігін шағын және орта бизнес бағытында жұмыс істейтін адамдар құрайды. Өкінішке қарай, олар көп жағдайда елде болып жатқан саяси өзгерістер жөніндегі ақпараттармен толық қамтылмайды. Біздің қазіргі атқарып жатқан жұмысымыз оларды толық ақпараттандыру болып отыр», - дейді ол.
Райымбек Баталов кәсіпкерлікті дамыту үшін үлкен саяси өзгерістер қажет екенін нақтылай айтты.
«Ұлттық палата ретінде жалпыхалықтық дауыс беруде шығарылатын өзгерістердің, сол сияқты елімізде қазірдің өзінде басталған және іске асырылуын бизнес ретінде асыға күтетін өзгерістердің маңыздылығын жеткізу үшін ресурстардың барлығын іске қосуды өте маңызды деп санадық. Менің ойымша, аталған мәселенің маңыздылығын бәрі жақсы түсінеді. Дәл қазіргі сәтте кәсіпкерлікке қатысты жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта дәл осы деңгейде жалғасады деп сенеміз. Кәсіпкерлікке үлкен өзгерістер қажет», - деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
Жиынды қорыта келе «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев шағын және орта бизнес өкілдерін референдумға келіп, өз пікірін ашық айтуға, өзгерістерге бей-жай қарамауға шақырды.
«Маслихат, жергілікті органдардың құзырын арттыру, әкімдерді аралас форматта таңдау сияқты жаңашылдықтар кәсіпкерлерге жақсы әсер етуде. Кәсіпкерлікке қатысты үлкен түбегейлі өзгерістер басталайын деп жатыр. Конституциялық реформалар қабылданса басқа да заңдарға өзгертулер мен түзетулер енгізеді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің бизнес климатына, кәсіпкерлік ахуалына тікелей әсер болады. Осындай өзгерістер болатынын шағын және орта бизнес иелеріне түсіндіріп жатырмыз. Олар референдум уақытында келіп өз пікірлерін білдірсе екен дейміз. Себебі, кәсіпкерлердің елдегі басқа да азаматтарға үлгі болатынына біз сенімдіміз», - деді «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Референдум 5 маусымға белгіленді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгереді деп күтілуде. 1995 жылдан бастап алғаш рет конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады.