Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді
Бүгін – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні Қазақстан халқы 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан зардап шеккендерді де еске алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1997 жылдан бастап атап өтіліп келе жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.
1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мыңына қатаң жаза жарияланды.
Түрлі ұлт өкілдер қудаланды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және басқалар жеткізілді.
Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар басталды.
Сонымен қатар 31 мамыр – Ашарлықта қаза тапқандарды еске алу күні. Қазақ даласында ашаршылық 2 рет болды: 1921-1922 және 1932-1933 жылдар.
1921-1922 жылдары ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді.
Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында құрғақшылықтан егін шықпай қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Салдарынан Қазақстанның көпшілік ауданы ашаршылық құрсауында қалды.
Кейбір деректерге сәйкес, 1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады.
1922 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда ашаршылық ушығып кетті.
ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. Ал 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-і - қазақтар, 31,2%-і - орыстар, 14,4%-і - украиндар.
Тарихи деректерге сәйкес, 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті.
Дереккөз: БАҚ