Дәл осындай қалың қар 56 жыл бұрын жауған екен
Нұр-Сұлтан қаласында соңғы күндері жауған қар рекордтық көрсеткішке жетті. Соңғы рет мұндай қалың қар 1964 жылы жауған екен. Бұл туралы астаналық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабай өз Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазгидромет» РМК ауа райын қысқаша болжау басқармасының басшысы Алуа Саханованың айтуынша, 2020 жылдың қаңтар айының ауа райы қардың айрықша қалың жаууымен, қатты суық болып, үздіксіз бұрқасындатуымен ерекшеленді. Қалыпты градус -14 болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 6 градусқа артып кеткен.
Қазіргі күні сондай-ақ, жауын-шашын мөлшері де қалыпты 16 мм-ден асып, 50 мм-ге жетіп отыр. Бүгінгі таңда қардың үш айлық мөлшері бір-ақ жауған. Көпжылдық деректермен салыстырсақ, қардың бұлай қалың жауған кезі 56 жыл бұрын, яғни 1964 жылы болған екен. Ол кезде қар қалыңдығы 51 мм болған.
Ал ақпан айына жасалған болжам бойынша ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері қалыпты көрсеткіштен аспайды. Яғни жауатын қар 15 мм, ауа температурасы -14 градус шамасында болуы мүмкін. Ай бойы қар жауып, бұрқасын болады деп болжануда.