Солтүстік Қазақстанда 13 жылқы полицияға қызмет етіп жүр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жылқылар тәртіп сақшыларымен бірге көктемнен күзге дейін дамыл таппайды

Петропавл полициясында 13 ат қызмет етіп жүр. Жылқылар көктемнен күзге дейін тәртіп сақшыларына қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Әсіресе көлік жүре алмайтын саябақ пен саяжайларда жылқылардың көмегі ауадай қажет. Сонымен қатар, аттар тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларды сауықтыру үшін пайдаланылып жүр. Мұнда аптасына 3 рет иппотерапия курсы өткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ӘР ЖЫЛҚЫНЫҢ ӨЗ ИЕСІ БАР

Петропавлдағы кавалериялық бөлімше 2004 жылы құрылған болатын. Содан бері талай қылмыстың алдын алып, қоғамға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мұнда қазір 13 ат бар. Олардың әрқайсысына бекітілген иесі жауапты. Тіпті кезекті еңбек демалысына шыққанда да полция қызметкерлері бөлімшеге келіп, өз жылқысының жай-күйін біліп тұрады. Жануарлар полиция қызметкерлерін жазбай таниды. Айтуларынша, кей мінезді жылқылар өз иесіне ғана бағынады. Жылқылар тәртіп сақшыларымен бірге көктемнен күзге дейін дамыл таппайды. 

«Менің осында қызмет етіп жүргеніме 11 жыл болды. Стажер ретінде келдім. 2012 жылы аттестациядан өттім. Содан бері жылқымен жұбымыз жазылмай қызмет етіп жүрміз. Атпен кезекшілік атқарған өте ыңғайлы. Саяжай маусымы басталғаннан іске кірісеміз. Кейде бізді оқиға орнына шақыртады. Жылқылар қыста негізінен тынығады. Полицейлер өздері күтім жасайды, жайлайды. Жаттығу жасайды. Кавалериялық бөлімшенің аумағы кең. Жылқымен жүруге арналған алаң бар. Сондықтан аттарды бір орынға қамап қоймаймыз. Олардың жемазығын мемлекеттік сатып алу арқылы аламыз», - дейді кавалериялық бөлімше жетекшісі, полицияның аға сержанты Жақсылық Қожелдақов.  

Петропавл қаласында 173 саяжай қауымдастығы бар. Осының өзінен-ақ полицейлерге түсетін салмақты аңғаруға болады. Күн сайын аттан басқа көлікпен олардың барлығын шарлап өту мүмкін емес.

ИППОТЕРАПИЯ КУРСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Жылқылар жаз бойы кезекшілік атқарса, қыс бойы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет етеді. Тірек-қимыл аппараты зақымданған мектеп-интернат тәрбиеленушілері келіп, арнайы маманның көмігемін иппотерапия жүргізіледі.

«Арнайы жарақтандырылған манеж бар. Біз иппотерапия кезінде мамандарға көмектесеміз. Жылқы – мінезді жануар. Кез келген сәтте күтпеген әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан мамандармен бірге балалардың жанында жүреміз. Жеткіншектер жылқыны жақсы көреді. Кезекті терапияға қуана-қуана келеді. Аттың үстінде отырған адам тепе-теңдік сақтауы шарт. Бойыңдағы көптеген рефлекстер іске қосылады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі баралар үшін атқа міну өте пайдалы. Олар мұнда сәбіз, алма, қант әкеліп, аттарға береді. Жылқымен қарым-қатынас жасау арқылы өмірге деген қызығушылығы арта түседі. 13 жылқымен бірге мұнда жалғыз пони бар. Ол тек қана иппотерапия мақсатына пайдаланылады», - дейді Жақсылық. 

Себебі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – уақыт күттірмейтін шаруа. Атты полицейлер негізінен көшелерінде көлік емін-еркін жүре алмайтын саяжайлар мен саябақтарқа кезекшілік атқарады. Алғашқысында жаз уақытында ұрлық-қарлық көрсеткіші көп болады.

«2012 жылы Заречный кентінде кезекшілікте жүрдім. Алыста саяжайдың жанып жатқанын көзім шалып қалды. Дереу өрт сөндірушілерді шақырып, өзім де көмекке асықтым. Саяжайды полицейлердің жүргенін білген ұрылар да қылмысқа бара қоймайды. Кейде орманды жерлерге баруға тура келеді. Жеңіл көлік түгіл велосипедпен өте алмайтын жерлерде аптен еш қиындықсыз жүре береміз. Өзім 5 жастан атқа міндім. Асау үйретттім. Жылқыны жанымдай жақсы көремін. Кавалериялық бөлімшеге жұмысқа қуана келдім. Күні бойы таза ауада жүреміз. Бәрі оңай демес едім, күннің ыстығында, жаңбырда ашық аспан астында жұмыс істейміз. Қазір ұжымымызда 13 жылқы пен 17 полиция қызметкері бар. Жануарларға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Кезекшілікке шығар алдында жуындырамыз. Ол үшін өзіміз пайдаланатын сусабындарды қолданамыз», - дейді Жақсылық.

Егенбек Балтабаев – кавалериялық бөлімшеде бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген маман. Ол жылқы малының қыр-сырымен жақсы таныс. Егенбек тізгіндегін ат басқаларға бағына бермейді. 

«Менің жылқымның аты «Орел». Маған жуас. Өзгелерге ырық бере қоймайды.  Қызметтегі досы сынды. Негізінен саяжайларды күзетеміз. Күндізгі екіден кезекшілікке шығамыз. Мас адамадардың жүрмеуін, ұрлықтың болмауын қадағалаймыз. Ауылдағы барлық мал жейтін шөп пен жем береміз. Талғамай жей береді. Жылқыны көбейтуге тыйым салынған. Сондықтан ұрғашыларын ұстамаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Кабинетте отырғаннан, осындай еңбек адамның денсаулығына пайдалы», - дейді полицияның аға сержанты Егенбек Балтабаев.

Қазақстанның басқа өңірлерінде де кавалериялық бөлімшелер бар. Петропавлдағы бөлімше – ең алғашқы болып құрылғандардың бірі.