Грант алып, кәсіпкер болғысы келгендер ақшасынан айырылып, полициядан көмек сұрады
Түркістан облысы Кентау қаласының полициясы 7 адамды алдап, ақшаларын иемденіп кеткен әйелді құрықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кентау қалалық полиция бөліміне 7 бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуларынша, таныс әйел кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін деп, уәде берген. Содан әр жәбірленушіден қомақты ақша алған соң, алайда уәдесін орындамай қашып жүрген», - деп көрсетті Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 935 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.