Роман Абрамович «Челсиді» 5,3 млрд долларға сатты

Автор: Azattyq Rýhy

«Челси» АПЛ-да америкалықтар иелік ететін сегізінші клуб болды

Фото ашық дереккөзден

Роман Абрамович енді «Челси» футбол клубының иесі емес. Бизнесмен мен Clearlake Capital, Марк Уолтер және Хансьорг Висс кіретін Тодд Боулидің консорциумы арасындағы келісімшарт аяқталды. Келісімшарттан түскен қаржының жартысынан көбі Украинаға көмек ретінде берілетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған процедураны жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыбритания үкіметінің рұқсаты қажет болды. Себебі тараптар о баста бүкіл процесс мемлекеттік бақылауда болады деп келіскен. Сондай-ақ шенеуніктер Абрамовичтің мәміледен ештеңе алмайтынына кепілдік талап етіп, бірқатар тексеру жүргізген.

Рекордтық көрсеткішке жеткен мәміле сомасының басым бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады.

Жалпы сомасы – 4,25 млрд фунт стерлинг (5,3 млрд доллардан астам), оның ішінде 2,5 млрд фунт стерлинг – клуб үшін төлемге жұмсалады. Ақша үкіметтік шотқа аударылып, қайырымдылыққа бөлінгенге дейін бұғатта болады. Қалған 1,75 млрд фунт команда мен стадионға 10 жылдық мерзімге салынған инвестициялардың кепілдендірілген сомасы.

Айта кетсек, «Челси» АПЛ-да америкалықтар иелік ететін сегізінші клуб болды. Боули трансферге 200 миллион фунт стерлинг бөлмекші.