«Ақша айырбастау пунктерінің 30 пайызы жабылуы мүмкін»: жаңа ереже үш күннен кейін күшіне енеді

Автор: Azattyq Rýhy

1 ақпаннан бастап валюта айырбастау орындарында айырбасталатын сома көлеміне қарамастан клиент туралы барлық мәліметтер жазып алынады 

Фото: ашық дереккөзден

Елдегі айырбастау орындары 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңа ережемен жұмыс істейді. Валюта айырбастау орындарында енді жұмыс тәртібі өзгереді. Ал айырбасталатын сома көлеміне қарамастан клиент туралы барлық мәліметтер жазып алынады. Сондай-ақ  айырбастау тіректеріндегі жарғылық капиталдың 100 млн теңгеден кем болмауы талап етіледі. Azattyq Rýhy тілшісі енді үш күннен кейін күшіне енетін жаңа ережелер туралы сарапшылар пікірін тыңдап көрді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің №265 қаулысына 2019 жылдың 31 желтоқсанында өзгеріс енгізілді. «Қазақстан Республикасында қолма қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру туралы» ережеге сәйкес енді валюта айырбастау орындары таңғы сағат 9:00-дан кешкі 20:00-ге дейін ғана ашық тұрады. Бұрынғыдай тәуліктік айырбастау тіректері деген енді болмайды.

Тағы бір өзгеріс валюта айырбастау орындарының жарғылық капиталына қатысты болады. Алдағы сенбіден бастап айырбастау пункттеріндегі соманың көлемі 100 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Яғни бұл қаражат айырбастау орнының есепшотында немесе кассада қолма қол болуы шарт. Қазақстан валюта айырбастау орындары қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаевтың айтуынша, айырбастау мекемелердің капитализациясының артуы тұтынушы үшін де, Ұлттық банк үшін де тиімді. Себебі ақша айырбастау тіректерінде қажетті соманың болмай қалуы халық арасында валюта бағамы, девальвация туралы жағымсыз пікірлердің тарауына түрткі болып келеді.

«Бірақ  бұл жаңашылдықты қаражат айырбастаушылар ауыр қабылдады. 100 млн теңге көптеген айырбастау пункттері үшін үлкен сома. Ұлттық банк шағын айырбастау орындарында теңге жоқ немесе  шетел валютасы жоқ деген құбылыспен күресу үшін айырбастау орындарының жарғылық капиталын көтерді. Ірі қалаларда ол 100 млн теңге, ал шағын қалаларда, аудан орталықтарында 50 млн теңгеден кем болмауы керек. Шағын қалаларда 50 млн теңгелік айналым жоқ. Ал Семей, Тараз, Қарағанды сияқты қалалардағы көптеген айырбастау орындарында 100 млн теңгені есепшотта ұстап отыратын мүмкіндік болмайды. Бұл тақырып бойынша ҰБ өкілдерімен сөйлестік, бірақ  ортақ тіл тапқан жоқпыз. Бұл бастама көптеген айырбастау тіректерінің жабылуына әкеледі»,- дейді қаржы маманы.

Жаңа ереже бойынша бұдан былай тұтынушы шетел валютасын теңгеге немесе теңгені шетел валютасына айырбастаған кезде өзінің аты-жөнін және жеке сәйкестендіру номерін (ЖСН) айтуға міндетті. Егер айырбастап жатқан қаражат көлемі 500 млн теңгеден асып кетсе, тұрғылықты жеріңнің мекен-жайын хабарлауы тиіс.  

Аршын Ғалымбаевтың пікіріне қарағанда, мұндай жаңашылдық ең бірінші қаражат айналымын бақылауда ұстау үшін жасалып отыр. Ұлттық банк терроризм және өзге де ұйымдасқан қылмыстарға бағытталған қаржының жолын кесу үшін осындай қадамға бардық деп түсіндіреді. Бірақ бұл ереженің айырбастау орындарына айтарлықтай әсері жоқ. Себебі бұрын да қаражаттың көлеміне қарай клиент туралы мәліметтер жазылатын еді, дейді қауымдастық басшысы.

«Клиент туралы мәліметтерді жазып алу әлемдік тәжірибеде бар. Барлық  елдердегі мұндай операцияларды айырбастау орындары атқарып келеді. Бұл жаңашылдық деп айтпас едім. Себебі  бұған дейін айырбастау орындары 500 мың теңгеден асса оны тіркеуге міндетті болатын едік. Өзгешелігі  1 ақпаннан бастап ол соманың көлеміне қарамайтын болады. Егер 100 доллар айырбастасаңыз да, 50 доллар айырбастасаңыз да жеке куәлікті  көрсететін боласыз», - дейді валюта айырбастау орнының иесі. 

Клиенттер туралы жария мәліметтер айырбастау орындарында сақталады. Айырбастау тірегі мамандарына оларды үшінші тұлғаға беруге банктік құпия тәртібі бойынша тыйым салынады. Ескеретін жағдай, айырбасталған соманың көлемі 10 млн теңгеден асып кетсе,  азамат туралы мәліметтер Республикалық қаржы мониторинг комитетіне 24 сағат ішінде жөнелтіледі.

Кез-келген азамат туралы жеке мәліметтер жиналғандықтан, оның қауіпсіздігі мен басқа да мақсаттарға пайдалану жағы қалай қорғалады деген сауалға қауымдастық президенті «бұл айырбастау орындарындағы кассирлердің жеке ар-ұятына ғана тәуелді» екенін айтты. Әрбір айырбастау тірегінің жетекшісі жұмысқа алынған касса операторын   адалдық қағидаларына үйретуге міндетті. 

«Иә, клиент туралы мәліметтер, тіпті оның үйінің мекен-жайы, телефон  номері жазып алынады. Біз бұл тұрғыдан кассирлермен жұмыс жүргіземіз. Бұл банкттік құпия, кассир жұмысқа алынғанда, оның жауапкершілігі туралы ережелер түсіндіріледі.  Бүгінге дейін айырбастау тіректерінде айтарлықтай жағымсыз оқиға тіркелмеді», -  дейді А.Ғалымбаев.

Экономист Меруерт Махмұтова қолма қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелеріндегі өзгерістер халықтың қолында бар капиталды түгендеу  шарасынан туған деп есептейді. Сарапшының айтуынша, былтыр жаздағы Президент сайлауы қарсаңында халық тарапынан  айырбастау орындарынан шетел валютасын жаппай сатып алу белең алған.  Енді бұл қаражатты кім алды деген сауалдың басы шыққанда, айырбастау орындары арқылы бақылау жүргізу бастамасы көтерілген болуы керек, дейді экономика саласының маманы.   

«Бұл халықты бақылау жағын күшейту. Батыс ақпаратттық құралдары былтырдан бері Қытайдағы дағдарысқа байланысты және  Ресейдегі ақша құнсыздану қаупі туралы ақпаратты толастатпады. Бұл өз кезегінде Қазақстанға да әсер етеді.  Қоғамда теңге құлдырап кетеді деген үрей оқтын-оқтын көтеріледі. Осының да алдын алу деп ойлаймын.  Ал мәліметтерді жазып алуға келсек, Ресейде майда-шүйде рубль айырбастасаң да құжаттық мәліметтерді жазып алады. Ал Еуропада ондай жоқ. Қытайда мүлдем долларды айырбастамайды. Былтыр сонда бір университетке шақырған, сол кезде Қазақсан карточасымен ақша шешіп ала алмадым. Ал айырбастау орындары долларды қабылдамай қойды. Тек қытайдың өз төлем карточкаларын пайдалауға тура келеді. Оларда QR-код пен электрондық төлем дамып кеткен, тамақ, такси бәрін төлейді»,- дейді экономист.  

Меруерт Махмұтова банк және айырбастау орындары клиенттің қауіпсіздігін де ойлауы тиіс дейді. Тұтынушы туралы деректерді жинаған кезде, оның салдарынан болатын қылмыстарға немесе өзге де жағымсыз факторларға қаржы инситуттары да тиянақты қарағаны жөн.   

 «Негізі сол жеке мәліметтерді не үшін жазады, кімге қажет деген сұрақ мені бұрыннан мазалайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелде оқитын қызымның ақшасын төлейін деп банктің айырбастау орнынан ірі сомма шешіп алдым да, екінші бір жерге барып қаржыны аудардым. Сол күні кешке үйге келгенде кіреберісте мені біреу күтіп тұрып, сөмкемді жұлып алып қаша жөнелді. Мен сол кезде өзім туралы бар ақпаратты жазып алған айырбастау орнының кассирінен күдіктендім. Сондықтан бұл жағы да ескерілуі керек. Мәліметтердің қылмыскерлер қолына түсіп кетпесіне ешқандай кепілдік жоқ», - дейді М. Махмұтова.

Қазақстанда валюта айырбастау орындарының саны – 766. Оның ішінде Алматыда 193, ал Нұр-Сұлтанда 69 жекеменшік валюта айырбастау тіректері жұмыс істеп тұр. Ал олардың түрлі мәселелерімен айналысу үшін құрылған Алматыдағы қауымдастыққа  70 серіктестік тіркелген. Аршын Ғалымбаевтың айтуынша, жоғарыдағы ереже талаптары күшіне енгенде елдегі айырбастау пунктерінің 30 пайызы жабылуы мүмкін.