Жамбыл облысында Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Жамбылдық спортшылар ел қоржының 11 медальмен толықтырған болатын

Жамбыл облысында Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жылдың 1 - 15 мамыр аралығында Бразилияның Кашиас-ду-Сул (Бразилия) қаласында өткен XХІV (24) жазғы Сурдлимпиадалық ойындарында Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының 65 спортшысы спорттың 9 түрінен ел намысын қорғады. Оның ішінде 13 спортшы Жамбыл облысынан аттанған болатын.

Жалпы медальдік есепте 73 елдің арасында Ұлттық құрама 13-орынға тұрақтаса, жамбылдық спортшылар ел қоржынын 11 медальмен толықтырған.

«Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жаттықтырушылар Ерназар Қонысбаев (еркін күрестен), Александр Ан (таэквондо), Ринат Исмаилов (грек-рим күресі), Аскар Усубалиевті (жүзу) және спортшыларды Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады.

Нақтырақ айтқанда, аталған Сурдлимпиадалық ойындарында еркін күрестен екінші орын иеленген Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбайға, және дзюдодан 2 орынды жеңіп алған Анна Крамороваға 2 бөлмелі пәтердің сертификаты берілді. Ал, таэквондодан үшінші орын иеленген Олжас Рысжановқа, грек-рим күресінен үшінші орын алған Асан Нұржанға, дзюдодан үшінші орын алған Фериде Кара оглыға 1 бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек дзюдо, грек-рим, еркін күрестерінен және жеңіл атлетика мен жүзуден түрлі орындардан көрінген спортшылар Айдос Түгелбаев, Эвелина Егембердиева, Абзал Досжанов, Шыңғысхан Әлдибаев, Яна Сибирякова, Руслан Раимбеков, Софья Закутнаяға да естелік сыйлықтар берілді.