Монополияға қарсы департаменттің тексерісінен кейін контейнерлер қайтадан орнатылды
ШҚО-да тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне ақы төлемеген соң қызмет көрсетуші қоқыс контейнерлерін алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШҚО бойынша Монополияға қарсы департамент облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару бойынша қызметтер нарығына талдау жүргізді.
«Өскемен көшелерінің бірінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы төлемегендіктен қоқыс бактары жоғалып кетті және оған коммуналдық қызметкерлер қатысты болуы мүмкін деген материал сайтта жарияланған. Қоқыстарды жинау және шығару қызметтері нарығына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС үстем жағдайға ие екендігі анықталды. Сонымен қатар департаменттің сұрауына сәйкес қоқыс контейнерлерін алып қою фактісі расталды», - деп көрсетті Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің баспасөз қызметі.
Монополияға қарсы департамент "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС әрекеттерінде Кәсіпкерлік кодексінің нормаларында көзделген тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасалғанын анықтады.
ШҚО бойынша монополияға қарсы департаменті "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабарлама шығарды. Бүгінгі күні хабарлама орындалып, қоқыс бактары контейнерлік алаңдарға қайтарылды және барлық қоқыс шығарылды.