ИИДМ басшысы ауқымды бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты
Мәжіліс отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев автожол бойынша қызмет жасайтын обектіге қатысты сұрақ көп туындайтынын, жолды күтіп ұстауға жеке инвестиция тарту керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Шыны керек, жұрттан ұят болды. Осы ретте министрлік тарапынан ауқымды бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Айта кетерлігі, біздің министрлік негізінен жолдың құрылысына жауап береді. Жолды күтіп-баптау мәселесін туризмге жауапты сала алып кетуі керек. Олардың мамандары бұл саладан хабары бар. Осы ретте, мемлекеттік емес жеке инвестиция есебінен жүргізу керек деп есептейміз», - деді министр.
Оның айтуынша, министрлікке қарасты Көлік комитетінің қызметкерлері жемқорлық фактісі бойынша ұсталып жатыр. Сол себепті саланы цифрландыру қажет.
«Біздің министрлікке қарайтын Көлік комитетіне сұраныс жоғары. Бұрын МАИ қызметкерлеріне ренжуші едік, енді қазір өз жұмыскерлерім бір айда бірнеше рет ұсталып жатыр. Жемқорлық мәселесінің алдын алу үшін цифрлы платформа құрып жатырмыз. Негізі, жол бойынша көлік комитетінің мамандары болмауы керек. Енді заң аясында салмағы 12 тоннадан асатын көліктер міндетті түрде өлшеуден өтеді. Оның бәрі цифрландырылады. Әр ауыр жүк көлігінің артынан жүгіріп жүрмейміз», - деді Қайырбек Өскенбаев.