Инфрақұрылымның жоқтығынан егістік суының 40%-ы далаға кетіп жатыр – Әлихан Смайылов

Azattyq Rýhy

Қазақстанда су шаруашылығындағы сегіз бассейнінің жетеуі суды трансшекаралық өзендерден алады

Инфрақұрылымның жоқтығынан егістік суының 40%-ы далаға кетіп жатыр – Әлихан Смайылов
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдерге су шаруашылығы саласын дұрыстап цифландыру мен автоматтандыруды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Премьер-министрдің айтуынша, қазір су шаруашылығы нысандарын цифрландыру мен автоматтандырудың жол картасы да бар. Бірақ, шенеуніктер мен осы саладағы мамамандардың салғырттығынан егістіктерге тартылатын судың 40-ы далаға кетіп жатқан көрінеді.

«Ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60 пайызы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді», -деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, суды үнемдемесе, Қазақстанның оңтүстік өңірлері көп ұзамай су тапшылығына тап болады.

«Қазақстандағы 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-еуі бастауын трансшекаралық өзендерден алады. Яғни, өзен суларының тең жартысына жуығы сырттан келеді. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға дейін өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы жылына 12 текше шақырымға дейін жетуі ықтимал. Оның үстіне біз Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері су тапшылығының зардабын тартады дегенді білдіреді», - деді ол Үкімет отырысында.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл мәселені шешу үшін шаруаларды ынталандыру бағдарламасы бар екенін алға тартты.

 «Суармалы егіншілікті дамыту суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында заманауи суару жүйесін сатып алуға және қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50% өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау бар. Бұл мақсаттар үшін облыстардың өтінімдері бойынша биыл 268 жобаны іске асырылады, оған 16,6 млрд теңге көзделген», - деді Қарашөкеев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.