Руслан Емелбаев ҰБТ тапсырушыларды бақылаудың одан ары күшейтілетінін мәлімдеді
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы аптасында 21 түлектің ереже бұзғаны анықталып, олардың нәтижелері жоққа шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасында өткен аптадағы тестілеу кезінде барлығы 21 адам аудиториядан шығарылғанын мәлімдеді.
ҰБТ орталыныңы басшысы жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді қайта бақылау барысында ерекше назарға түскен тестіленушіге тоқталды.
«Тест тапсырушы қаңтар айында 7️2 балл, ал негізгі ҰБТ-да 1️30 балл жинаған. Нәтижесі бірден 5️8 балға өскен, сондықтан біз қосымша күшейтілген бақылауды өткізуді жөн көрдік. Бейнежазбаларды тексеру барысында талапкердің ҰБТ ережелерін бұзғаны белгілі болды. Ол тестілеу барысында бейнекамера мен шағын құлаққап қолданған», - деп атап өтті Руслан Емелбаев.
ҰБТ орталығының басшысы осы әрекетке жол берген қызметшінің тестілеуден шеттетілгенін, сонымен қатар қызметтік тексеріс жүргізіліп, тиісті шара қолданылатынын мәлім етті.
Ал тест тапсырушының нәтижелері жойылды. Енді ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды.
«Достар, жүйені алдауға тырысудың қажеті жоқ. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды.Тағы да сіздерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамын. Ал біз бақылауды одан әрі күшейтетін боламыз», - деп жазды ол.