Ғалымдар маймыл шешегінің індетке ұласпайтынын мәлімдеді

Azattyq Rýhy

Сарапшылар халықты шұғыл түрде жаппай вакцинациялаудың қажет еместігін алға тартты

Ғалымдар маймыл шешегінің індетке ұласпайтынын мәлімдеді
© AFP 2022 / Charles Bouessel

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің таралуына байланысты Африка құрлығынан тыс жерлерде халықты шұғыл түрде жаппай вакцинациялау қажет етілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ДДСҰ өкілі Ричард Пибоди Reuters агенттігіне берген сұхбатында сондай-ақ, маймыл шешегімен күресте бірден қолдануға болатын вакциналар мен вирусқа қарсы препараттар қоры шектеулі екенін айтты. ДДСҰ маманы гигиеналық талаптарды сақтау вирустың таралуын тоқтатуға көмектесетінін атап өтті.

Ал ресейлік ғалымдар маймыл шешегі негізінен Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында, дымқыл тропикалық ормандарға жақын жерлерде кездесетін сирек вирустық ауру екенін айтады. ТАСС агенттігінің жазуынша, ғалымдар аталған вирустың приматтар мен кеміргіштер арасында таралатынын, адамдар арасында өте сирек кездесетінін атап өтті. Ал вирустың адамнан адамға қалай жұғатыны әзірге белгісіз.

Вирус белгілері кәдімгі шешек ауруына ұқсайды: дененің дірілдеп-қалтырауы, бас ауруы, бұлшықет ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі. Артынша денеде бөртпе пайда болады, ол көпіршіктеніп (ұсақ сұйықтыққа толы көпіршік), артынша іріңге айналуы мүмкін. Маймыл шешегіне қарсы вакцина жоқ. Бірақ ғалымдар шешек ауруына қарсы алдын ала жасалған вакцинация маймыл шешешінің алдын алуда жоғары тиімділік көрсете алатынын айтады.

 
 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.