Ал 3 мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған
Ел тыныштығын сақтап, азаматтардың құқығын қорғап, қылмыскерлерді анықтап, жауапқа тарту – полиция қызметіне жүктелген жауапты әрі салмақты міндет. Тәртіп сақшыларының ерен еңбегін бір сөйлемге сыйдыру мүмкін емес.
Полиция сөзі көне грек тілінің «полис», «қала» деген сөздерінен шыққан. Римдіктерде «полития» сөзі «қоғам заты» деген түсінік. Бертін келе «полития» сөзі «полиция» болып өзгерген. Ал отандық полицияның тарихы 30 жыл бұрын басталған. 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Ал 2007 жылдың 5 маусымында мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусымды Полиция күні деп бекітті. Сол сәттен бері сала мамандары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп келеді.
ӨЗ ӨМІРІН ҚАТЕРГЕ ТІГІП, ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІНЕ АРАША ТҮСТІ
30 жыл ішінде кәсіби борышын орындау кезінде 800-ден астам полиция қызметкері қаза тауып, 3 мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған. Осы мәліметтің өзі ғана тәртіп сақшыларының қызметінің қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін аңғартады.
Әр полиция өкілінің жұмысы тәуекелге толы. Бұл кәсіп иелері өздерінің міндетіне жатпайтын жұмысты атқарып жүре беретін сәттер де кездеседі. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында болды. Полиция лейтенанты зейнеткерді өрттен аман алып қалды.
Жұрт шырт ұйқыда жатқанда болған келеңсіз оқиға қайғылы аяқтала жаздады. Зейнеткер өзінің аман қалғаны полиция қызметінде жұмыс істейтін көршісінің еңбегі екенін мойындайды.
Полицей Рүстем Кәрімнің отбасы түн ортасында даладан естілген шудан оянады. Терезеден жалынды байқаған олар, шатырдың жанып жатқанын бірден түсінеді. Құжаттары мен бағалы заттарын тез жинап, Рүстем мен жұбайы және екі жасар қызы пәтерден жүгіріп шығады. Өртке оранып жатқан қоспақ үйдің екінші жартысында зейнеткер әжейдің тұрып жатқанын білетін офицер көмекке асықты. Кіреберіс есік өртке оранғандықтан ішке ене алмай, терезені сындырып кірген ол, түк көрінбес қою түтіннің ішінен еденді сипалап жүріп, үй иесін тауып алады. Әжей өз бетімен қозғала алмаған.
«Мен жалғыз тұрамын, ол уақытта ұйықтап жатқанмын. Түтін исінен ояндым. Бірақ әбден әлсіреп, қозғалыссыз күйге түскенімді түсіндім. Рүстем үйге кіріп, мені тауып алды. Оған дейін улы газды жұтып үлгеріппін. Демалысым қиындап, өзіммен-өзім арпалысып жатқам. Рүстем мені жалындап жатқан үйден қауіпсіз жерге алып шықты», - деп алғысын білдірді Валентина Мухаметшина.
Жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады, алайда үйдің шатыры түгелдей жанып кетті. Қазір зейнеткер осы ауылдағы ұлдарының бірінің үйінде тұрып жатыр.
«Біз келген кезде көршісі анамызды шығарып алыпты. Оған зор алғысымызды білдіреміз. Өз басын қатерге тіккен. Бұл – кез келген адам жасай алмайтын ерлік деп білемін. Осындай болар деп ойламап едім. Анамның аман қалғанына қуанышымыз шексіз», - дейді зардап шеккен зейнеткердің баласы.
Көші-қон қызметінің маманы, 27 жастағы полиция лейтенанты Рүстем Кәрім Айыртау ауданының полиция бөлімінде 6 жылдай қызмет атқарады. Ол өз қызметін мақтан тұтады және кез келген офицердің, еш ойланбастан осындай әрекет жасайтынына сенімді.
«Көршімді құтқармақ болып жанып жатқан үйге кіргенде зейнеткердің амандығын тіледім. Оны жатқан жерінен тауып алғанда аман-есен сыртқа алып шығуды ғана ойладым. Біріншіден адамды құтқарсам, іштей көкірегімді қуаныш кернеді», - дейді Рүстем.
Өз өмірін қатерге тігіп, өзгені аман алып қалған кейіпкеріміз жуырда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Тәртіп сақшыларына арналған марапатты ҚР ІІМ министрі Марат Ахметжанов табыстады.
ЖАРДАН ҚҰЛАҒАН ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРДЫ
Бұл полиция қызметкерінің адам өміріне араша түсуінің жалғыз мысалы емес. Петропавлда полицейлер мен құтқарушылар жардан құлап түскен бойжеткенді құтқарып қалды.
Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің арғы жағасында жатқан адамды байқап қалып, бұл туралы «102» арнасына хабарлайды. Ақпарат жақын маңда патрульде жүрген Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Ерік Жетібаев пен аға инспектор Төлеген Алдабергеновке берілді. Оқиға орнына келген полицейлерге адам жатқан орынға апаратын жолды арғы жағада жүрген қала тұрғыны айтып отырды.
«Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан өзен жағасына түстік. Жағада жатқан адам – қыз бала екен. Қатты тоңып қалмас үшін оған сырт киімізді жауып, орап, жоғарыға көтеруге тырыстық. Алайда жағадағы балшық аяқ аттатпады. Рация арқылы жағдай туралы Жедел басқару орталығына баяндап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруды сұрадық», - дейді Төлеген Алдабергенов.
Құтқарушылар оны арнайы платформаға салып, барлығы бірге жар үстіне қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетті. Анықталғандай, 18 жастағы бойжеткен Жеңіс саябағы ауданында жардан құлап кеткен. Ол аман-есен жақындарына оралды.
Эльмира Мәмбетқызы