Нұр-Сұлтанда «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды
«Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 124-і елден шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мобильді топтар құрылыс нысандары, пәтерлер, қонақ үйлер және азаматтар көп жиналатын орындар тексерді.
«Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 1133 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 124-і елден шығарылды, оның ішінде 8 шетелдік азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылды», деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті.
Полиция шетелдіктер тарапынан негізгі бұзушылықтар Қазақстан Республикасына келудің, кетудің және болудың белгіленген тәртібін бұзу болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 264 азаматы әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде 200-ден астамы шақырылған шетелдіктердің белгіленген келу қағидаларын сақтамағаны үшін, 57 адам шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны және шетелдіктің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, жедел алдын алу іс-шарасы аясында ПД қызметкерлері мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ҚР ҚК 392-бабы бойынша шетелдік азаматтарға қатысты 2 қылмыстық іс қозғады.