Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша алғашқы тұрғын көлік алды

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа көліктің иесі – инженер Бекзат Тілеген 

 

Нұр-Сұлтанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының бірінші қатысушысына автокөлік кілті табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, жаңа көліктің иесі инженер Бекзат Тілеген болды. Ол 16 мамырда өтінімдерді қарап қабылдауға банктердің алғашқысы болып Банк ЦентрКредит арқылы автокөлікті бастапқы жарнасыз ресімдеуіне өтінім берген.

«Бұл, шын мәнінде, күтпеген жағдай болды. Көптеген тілек білдірушінің арасында өтініш бердім, сол кезде менің қызымның туған күні болған еді. Барлық процедураны өтіп, үйге кеттім. Бірақ «Шевроле» менеджерлерінен кері қоңырау аламын деп ойламадым, олар сатып алу-сату шартын жасауға болады деді. Қызметкерлерге өз жұмысы үшін алғыс айтамын. Бүгін біз кілтті алып жатырмыз. Бұл отбасымыз үшін салоннан алған алғашқы машина және біз үшін – айтулы оқиға», - дейді Бекзат Тілеген.

Бүгіннен бастап басқа қазақстандықтар да осындай қуанышты сезімге бөлене алады. Өтініш берушілер бағдарлама шарттарына толық сәйкес келген жағдайда, автосалондар мен екінші деңгейдегі банктер ардақты автомобильдерді кезең-кезеңмен беруге дайын. Өнеркәсіпті дамыту қоры атап өтілгендей, бағдарламада қатысушы банктер бүгінгі таңда 31,7 млрд теңге сомасына 4290 өтінімді мақұлдады.