Павлодар облысында жыл басынан бері 55 пәтерге ұры түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Екібастұз полицейлері ірі пәтер ұрлығына қатысы бар 36 жастағы күдіктіні ұстады

Көрнекі фото: otyrar.kz

Жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 55 пәтер ұрлығы тіркелген. Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен жуырда Екібастұз қаласының полицейлері ірі пәтер ұрлығына қатысы бар 36 жастағы күдіктіні анықтап, оны ұстады.

«13 мамырда сағат 10:20 шамасында есікке лайықты кілт таңдап, белгісіз адам Екібастұз қаласы Беркімбаев көшесіндегі пәтерге кіріп, 100 мың теңге, 100 Еуро, 425 АҚШ доллары сомасындағы ақшалай қаражаттарды және 22 алтын бұйымдарды қолды етті. Жалпы шығын шамамен 2,5 млн теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Екібастұз қаласындағы УҰИ-ға қамалды», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Басты қарапайым кеңес: үйден шыққанда терезелер мен есікті жапқаныңызға көз жеткізіңіз, балаларға бейтаныс адамдарға есік ашуға қатаң тыйым салыңыз, кілттері жоғалған кезде оларды ауыстырыңыз.

Жазғы демалыс маусымында ұрлық саны артады, өйткені көпшілігі демалысқа немесе саяжайларға кетеді, ал үй бос қалады. Сондықтан тәртіп сақшылары ұзақ мерзімге кетіп, үйді қараусыз тастаған жағдайда, көршілерден үйіңізге қарап тұруды сұрауды ескертеді.