Сүңгуірлер жасөспірімнің денесін суға батқан жерінен 500 метрдей қашықтықта тапты
Қызылорда қаласында тоғызыншы сынып оқушысы каналға суға батып кетті. Бұл туралы Қызылорда облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
19 мамыр сағат 15:28-де облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Белкөл кентіндегі каналға 15-16 жасар ер баланың суға кеткені жөнінде хабар келіп түскен.
«Оқиға орнына барғанда кенттегі №189 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы суға батып кеткені мәлім болды. Қазір құтқарушылар баланың мүрдесін іздеу жұмыстарын бастап кетті. Оған жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов жетекшілік етіп отыр. Бұл жұмысқа 7 құтқарушы тартылған. Оған қажетті техника, қайық пайдаланылуда. Сүңгуірлер мүрдені су астынан іздеді. Жасөспірімнің денесі оның суға батқан жерінен 500 метрдей қашықтан табылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.