$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда 1 ай бойы зорлық құрбаны болған әйелдің арызын елемеген учаскелік полицейлер сотталды

Сотталушылар арнайы атақтарынан айырылды

Атырауда 1 ай бойы зорлық құрбаны болған әйелдің арызын елемеген учаскелік полицейлер сотталды
Фото ашық дереккөзден

Атырауда 1 ай бойы танысынан аяусыз зорлық көрген әйелдің арызын елемеген учаскелік полицейлер сотталды. Бұл туралы қаланың № 2 сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сондай-ақ, құқықбұзушылықты жасырды деген күдікке ілінген жедел уәкіл және тергеуші де сотталды.

Жәбірленуші Д. полицияға танысы У. ұрлап кетіп, зорлап, кейін үйіне заңсыз кіргені туралы арыз бергені анықталды. Денесінен сау-тамтық қалмай, 1 ай бойы  зорлық құрбаны болған  келіншек полицияға 10 рет арыз  жазған. Бірақ  тәртіп сақшылары қылмысты ашуға әрекет жасамапты. Атырау қалалық №2 соты  4 полицияға қатысты істі 7 ай бойы қарады.  Екі учаскелік полиция инспекторы  «ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк фактісі» бойынша, ал жедел уәкіл мен  тергеуші «ауыр зардаптарға әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру фактісі» бойынша кінәлі деп танылды.

"Учаскелік полиция инспекторлары А. және К. жәбірленушінің арызын қарамай, оны жасырған. Қ. қылмысты ашу бойынша ешқандай әрекет жасамай, жалған хаттама толтырып, өз жұмысын жеңілдету мақсатында әрекетсіз отырған", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жедел уәкіл Т. мен тергеуші Л. ұрлау мен зорлау дерегін тергеу үшін ешқандай шара қолданбағаны айтылды.

"Өз жұмысын жеңілдетіп, ауыр санаттағы екі қылмысты әдейі жасырды. Нәтижесінде У. өзінің жазаланбайтынын біліп, денсаулыққа ауыр зиян келтірді", - деп толықтырды сотта.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, оның өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелденді.

Сотталушылар арнайы атақтарынан айырылды. Сондай-ақ, сот үкімімен бұрынғы полиция инспекторлары мен жедел уәкілге 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Экс-тергеуші құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан өмір бойына, сонымен қатар, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы инспекторлар мен жедел уәкілдер тиісті құқығынан 5 жылға айырылды.

"Рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес Т. мен Л.-ға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы үштен бірге қысқартылды", - деп нақтылады сотта.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Естеріңізге салайық, жантүршігерлік оқиға былтыр сәуір айында болды. 37 жастағы қала тұрғыны  таныс  келіншекті бірнеше күн бойы ұрып-соғып, қинаған. Бұл оқиғаға  әйелдің балалары куә болған.  Соңында ер адам өз-өзіне қол жұмсады.

Серіктес жаңалықтары