ШҚО тұрғыны көңілдесінің әйелін балағаттағаны үшін жазаға тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол көңілдесінің әйелін WhatsApp арқылы балағаттаған

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны көңілдесінің әйелін WhatsApp-та балағаттағаны үшін 60 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Оқиға 8 наурыздың алдында болған. ШҚО тұрғыны ашынасының әйелін күйеуімен арадағы қарым-қатынас туралы айту үшін шақырған. Бірақ өзін ұстай алмай, WhatsApp арқылы әдепсіз сөздер айтқан. Сүйіктісінің әйелі әңгімені тоқтата салған. Алайда қыз қоңырау шалуын қоймаған, осылайша әйел учаскелік инспектор шақырған.

«Жәбірленуші аудиожазбаны сақтап, оны сотқа берді. Сот қызды құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Ол пробация қызметінде есепте тұр және қоғамдық жұмыстарды орындау үшін әкімдікке жіберілді. Күн сайын 4 сағат көлемінде аумақты тазалайды. Пробация қызметінің инспекторлары жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде күн сайын тазаланатын аумақ пен тұрғылықты жері бойынша тексеріс жүргізеді», – делінген хабарламада.