Облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлінген: Қарағанды облысында былтыр жөндеуден өткен жол қирап жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Аудандық билік мердігерді сотқа берген

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында жақында ғана облыстық бюджет есебінен 800 миллион теңгеге жөнделген жол қирап жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, жергілікті тұрғындар облыстық тасжолдың жөнделуін 30 жыл күткен. Бір жарым жыл бұрын 30 шақырым учаскеде орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көлігі барлар бір мәз болған. Өкінішке қарай, қазір жолдың әрбір 50 метрінде терең шұңқырлар пайда болған.

«Сұмдық. Айтарға сөзіміз жоқ. Тасжолдың сапасы өте нашар. Көліктер әдеттегідей бұзылады», - деді Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны Жаңабек Арапов.

«Сапа - нөл! Ешқандай технология жоқ. Ауыр жүк көліктері тасжол төсеген кезде осындай жолдармен жүрді. Үстінен жай ғана автогрейдермен жүріп өтті. Олар асфальт төсеген кезде шаң болды», - деді ауыл тұрғыны Жанабек Арапов.

Аудандық билік мердігерді сотқа берген. Сот шешімімен мердігер жолға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттелді.

«Жұмыстар қабылданып, жол пайдалануға берілді. Бірақ жұмыс кезінде ақаулар пайда болды, яғни шұңқырлар пайда болды. Сот шешімі бойынша бұл ұйым биыл 1 маусымда ақауларды жою жұмыстарына кірісуге міндеттелді», - деп мәлімдеді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.