Атырауда жастар мен жасөспірімдерге арналған кеңістік ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Орталық кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде де үлкен рөл атқарады

Атырау қаласындағы Абай атындағы орталықта STEAM JasSpace жастар мен жасөспірімдерге арналған кеңістік ашылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ttjk.info-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Абай атындағы орталықта STEAM JasSpace жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңістіктің ашылу салтанаты өтті. Бұл шара «JasSpace: Атырау қ. жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында Атырау облысы әкімдігі, Облыстық білім беру басқармасы, «Шеврон» компаниясы және «Орталық Азияның Еуразия Қоры» КҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға орайластырылды.

Бағдарламаның мақсаты – JasSpace кеңістігінің айналасында STEAM бағыттары бойынша жастарды оқытуды қамтамасыз ететін және осы салалардағы кәсіптердің танымал болуына ықпал ететін экожүйені құру.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушовтың айтуынша, бұл орталық ел мен қоғамның дамуында ғана емес, сондай-ақ кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде де үлкен рөл атқарады.

«Атырау облысының балалары мен жастары Абай орталығының JasSpace кеңістігінде жаңа технологияларды меңгереді және болашақта осы жоба аясында дайындықтан өткен жастар техникалық білімді қажет ететін аймақтың ірі мекемелерінің жұмысына ықпал етеді деп үміттенемін», – деп толықтырды Нариман Таушов.

STEAM JasSpace кеңістігі – бұл жастар мен жасөспірімдерге арналған инновациялық жобалар мен бағдарламалар алаңы. STEAM бойынша білім беру ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM – Science, Technology, Engineering, Art and Mathematics) сияқты салаларда бір уақытта дағдыларды дамыта отырып, оқытудың интеграцияланған және пәнаралық әдісіне негізделген.

«Абай атындағы орталықта STEAM білім беруді дамытуға көмектесу – біз үшін үлкен мәртебе. «Шеврон» бірқатар білім беру, кәсіби және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырады. Осындай бағдарламалардың бірі – STEAM JasSpace. Жоба Атырау қаласының жастары мен балаларына пайдалы болып, техникалық дағдыларға үйрететініне және заманауи еңбек нарығында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыратынына сенімдімін», – деп атап өтті аталмыш компанияның Еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының міндетін атқарушысы Марк Пэйн.

«Біздің Қордың міндеттерінің бірі – STEAM бағыттары бойынша Абай атындағы орталықтың оқытушыларының біліктілігін, Атырау облысының жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және Атырау облысының оқушылары мен жастарына STEAM бағыты бойынша қосымша білім беруді ұйымдастыруға көмек көрсету», – деп атап өтті Орталық Азияның Еуразия Қорының директоры Ринад Темірбеков.