«Мұнай компаниясына жұмысқа тұрғызамын»: Қызылордада 16 адамды алдап кеткен алаяқтар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында 16 тұрғынды алдап соққан алаяқтар қолға түсті. Олар тұрғындарды Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз деп уәде берген. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Байқоңыр полициясына 16 тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы арызданған. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі азамат әлеуметтік желі арқылы арнайы топ ашқан. Онда ақшалай сыйақы арқылы Атырау облысындағы Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастыратынын айтқан. Сол арқылы әр адамнан 150-200 мың теңге аралығында банктегі есепшотына ақша аудартып алған. Жәбірленушілерге келген шығын үш млн теңгеге жуықтаған», - делінген департамент хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен екі әйел ұсталды. Олардың екеуі де Қызылорда облысында дүниеге келген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.