Елордада 4 бала балабақшадан қашып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Балабақшада қызметтік тексеру жүргізілді

Фото ашық дереккөзден

16 мамырда желіде төрт баланың балабақшадан қашып, құрылыс алаңына ойнауға барғаны түсірілген видео пайда болды. Аталған факті бойынша қалалық білім басқармасы №73 "Аяулым" балабақшасында қызметтік тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына сілтеме жасап.

Балабақша меңгерушісімен әңгіме жүргізіліп, жазбаша түсініктеме алынды.

«Балаларды сыртқа серуендеуге шығарғанда төртеуі балабақша аумағынан қашып кеткені анықталды. Балалар қоршаудағы кішкене тесік арқылы сыртқа шыққан. Көп ұзамай олар табылып, балабақшаға қайтарылған», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы.

Қазіргі уақытта балалар балабақшада, олардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, медициналық тексеру кезінде балалардың денесінен жарақат, көгерулер, сырулар тіркелген жоқ.

«Өз лауазымдық міндеттеріне немқұрайлы қарау фактісі бойынша тәрбиеші мен шаруашылық бөлімінің меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, балабақша меңгерушісіне қатысты білім басқармасының тәртіптік комиссиясының отырысында қарау үшін материалдар жиналып, дайындалды.