Президент ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесі туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мерейтойлық жиынға Қазақстан көшбасшысынан басқа Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысқандарға ілтипат білдіріп, мерейтойлық сессияны ұйымдастырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Президент ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарының табысты қызметіне, әртүрлі форматтағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ Ұйымның күштік, құқық қорғау және бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.