Жеңілдетілген автонесие алу бағдарламасы қанша күнде рәсімделеді?

Автор: Еркежан Айтказина

Бұл сұраққа «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі жауап берді

Фото: ашық дереккөзден

Автонесие рәсімдеу мерзімі алушының несие тарихына байланысты. Бұл туралы «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі Анар Мақашева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Автонесие бір күнде ғана рәсімделе салмайды. Біріншіден, тұтынушы автосалонға көлік таңдау үшін келеді. Таңдаған кезде кез келген автосалонда көлік бар болса бірден алуына болады. Сол жерде шот-фактурасын сұрап, екінші деңгейлі банкке барады. Келесі кезек несие алушыға банктің келісім беруіне байланысты. Егер көлік салонда жоқ болса, электронды кезекке тұрады. Бұл тізім ашық. Кейін көлік келген кезде төлемге шот беріледі, екінші деңгейлі банкке барып, жеңілдетілген автокөлік несиесін рәсімдейді», - деді Мақашева. 

Оның айтуынша, несие алушыға бір банк бас тартқан жағдайда басқа банкке жүгінуге мүмкіндігі бар. 

«Жалпы, несие рәсімдеу қанша уақытқа созылады деген сауалға келетін болсам, төлемді есептеу 5 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Бұл уақыт несие алушының екінші деңгейлі банкке барып, оған несие беріле ме, жоқ па соны анықтауына жеткілікті деп ойлаймын. Бұл процестің барлығы несие алушының өзіне байланысты. Егер рәсімдеушінің барлық құжаты толықтай дайын болған жағдайда жеңілдетілген автонесие рәсімдеу 2-3 күнге ғана созылады», - дейді «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі.