Жұмысшылардың қауіпсіздігі басты назарда болады – Мырзағалиев

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл мәселе жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ортақ талап

«Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласында еншілес және тәуелді ұйымдар (ЕТҰ) басшылығымен кеңейтілген жиын өткізді. 

Кездесу барысында Мырзағалиев еншілес кәсіпорын басшыларының қазіргі қызметі мен болашақтағы жұмыс жоспарлары туралы баяндамаларын тыңдап, ерекше назарға алатын бірнеше мәселелерді атап өтті.  

Атап айтсақ, ең алдымен, "Өзенмұнайгаз" АҚ, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ және "Қаражанбасмұнай" АҚ бірінші басшыларына осы жылдың соңына дейін бекітілген көрсеткіштерге сәйкес мұнай өндіру және тапсыру жоспарының  толыққанды орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Кездесу кезінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттану деңгейін азайтуға қатысты шараларға ерекше мән берілді.

«Жұмысшылардың қауіпсіздігі мен өндіріс ошақтарындағы жарақаттану деңгейін азайту – еншілес кәсіпорын басшыларының басты міндеті, бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді Мырзағалиев. 

Бұдан өзге, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚМГ Басқарма төрағасы еңбек ұжымдарымен тұрақты есеп беру кездесулерін жиі ұйымдастырып тұру керек деген міндет жүктеді. 

"Бұл мәселе жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ортақ талап. Еңбек шарты мен тәртіп бұзу жайттарын азайтып, жауапты басшылардың бұған салғырт қарауына жол беруге болмайды", - деп атап өтті Мырзағалиев.  

Тағы бір маңызды мәселе, “Өзенмұнайгаз” АҚ басшылығына өндіріс орындарындағы электроэнергияның апаттық ажырату мәселесін жуық арада шешу керек деген міндет қойылды. Осы арқылы жоспарланған көрсеткіштерге тезірек қол жеткізуге болады. 

Бұдан өзге, Мағзұм Мырзағалиев жаңа ұңғымаларды бұрғылау процесін жақсарту, ммұнай алу коэффициентін арттыру үшін ғылыми институттарға жүгіну және заманауи ғылыми-өндірістік әдістерді қолдану қажеттігін де атап өтті.

Кездесудегі мәселелерді қорыта келе Мағзұм Мырзағалиев ЕТҰ басшыларына бір көзден сатып алукөлемін азайту мәселесін қолға алу керек екендігін атап өтті.