Олар әкімшілік қамауға алынды
Түркістанда заңсыз жұмыс істеп жүрген 130-дан астам шетелдік анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуде күн тәртібінен түскен емес.
Атап айтсақ, тәртіп сақшылары рейдтік-профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Кезекті рейд кезінде Арыс, Сарыағаш және Отырар аудандарының аумақтарында далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік кеурек шөбін заңсыз қазғандар ұсталды. Яғни, шара барысында Отырар ауданында – 33 (Тәжікстан) және Арыс ауданында жүзден (Өзбекстан) астам заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдік анықталды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша жауапқа тартылып, 100-ден астам шетелдік әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар, кеурек шөбін қазуға заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан Қазақстан Республикасының екі азаматы анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабымен (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша хаттама түзілді.