Оларды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар тізіміне қосу ұсынылды
Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы жекеменшік балабақша тәрбиешілерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың тізіміне қосуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауымдастық басшысы Лейла Күленованың айтуынша, елімізде балабақшалардың тәрбиешілері үшін заңнамада біліктіліктеріне төлемдер мен үстемеақы қарастырылған. Алайда, бюджетте бұл мақсатқа қаражат қарастырылмайды.
«Әкімдік мемлекеттік балбақшаларға қаржыны жергілікті бюджеттен береді. Сондықтан да тәрбиешілер мемлекеттік балабақшаға жұмысқа тұру үшін барлық мүмкіндікті іздейді. Мұның үстіне олар жеңілдікпен пәтер ала алады. Ал біздің тәрбиешілерімізде ондай мүмкіндік те жоқ. Біздің де тәрбиешілерімізге тым болмаса жалдамалы пәтер, жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі берілсе дұрыс болар еді. Оның қай жерде жұмыс істегенінің еш айырмашылығы жоқ қой», - деді Лейла Күленова.