БҚО-да жаңбырдан кейін мектепті су басты

Автор: Azattyq Rýhy

35 жыл бұрын салынған ғимаратқа бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген

Бейнеден скриншот

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында мектептің спорт залы мен асханасы орналасқан қосымша ғимаратының төбесінен су аққан. Қазір оқушылар су баспаған ғимаратта оқып жатыр. Жөндеу жұмыстары шамамен бес айға созылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Орал апталығына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде мектепті су басқаны жайлы видео жарияланған. Автордың айтуынша, нөсер жаңбырдан кейін төбеден су аққан, ал техникалық қызметкерлер еден мен қабырғаларды сүртіп үлгермепті.

Орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, қазір аудандық білім бөлімі мен «Тасқала Транс Газ» ЖШС компаниясы арасында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу туралы келісімшарт жасалған, күрделі жөндеу жұмыстары осы айда басталуы тиіс.

Мектептің бас ғимаратын емес, спорт зал мен асхана орналасқан қосымша ғимаратты су басқан, дейді Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыров.

«Мектеп 1987 жылы салынған, 624 орынға есептелген. Мендегі мәлімет бойынша, салынған жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек еді, бірақ сот дауына байланысты жұмысты уақытында бастауға мүмкіндік болмай отыр. Бөлінген ақшаны бюджетке қайтаруға тура келді. Биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 350 миллион теңге бөлінді, қалғаны жергілікті бюджеттен қарастырылады», – деді Сабыров.