Қазақстандық чемпиондар спорттың 18 түрінен жүлделі орындарды сарапқа салады
Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік оқушылар гимназиадасына қатысады. Ел намысын халықаралық жарыстарда 234 оқушы қорғайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дүниежүзілік гимназиада-2022 Францияның Нормандияда қаласында 14-22 мамыр аралығында өтеді. Спорттық жарыстарға әлемнің 70 елінен 16-18 жас аралығындағы 3,5 мыңнан астам оқушы қатысады.
«Дүниежүзілік гимназиадаға қатысу мектеп спортының және мектеп лигасының дамуына септігін етеді. Балалар жылы жас спортшыларымыз үшін осындай маңызды оқиғамен ерекшеленіп отыр. Ұлттық құрама 296 адамнан тұрады. Оның 234-і жас спортшы, 49-ы жаттықтырушы, 9-ы төреші және 4-еуі штаб мүшесі. Біз спорттың 18 түрінен өнер көрсетеміз. Оқушыларымыз барынша көп медаль алуға тырысады. Біз спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын белсенді түрде дамытамыз. Балалар ол жарыстарға қуана қатысады. Оқушылардың спортқа жаппай қатысуы – біздің басты міндетіміз», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесi орталығының директоры Сағдат Садықов.
Айта кетейік, халықаралық спорттық жарыстар Нормандияның 9 қаласында спорттың 20 түрінен өтеді. Қазақстандық оқушылар бадминтон, 3х3 баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, спорттық бағдарлау, жүзу, жағажай волейболы, регби, спорттық гимнастика, садақ ату, таеквондо, семсерлесу, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді.