Қазақстан мен Өзбекстан жолаушылар тасымалын қайта жаңғыртады

Автор: Azattyq Rýhy

Екі ел арасындағы жолаушылар тасымалы 2020 жылдың наурызында пандемияға байланысты тоқтатылған болатын

Фото: total.kz

Қазақстан мен Өзбекстан 15 мамырдан бастап жолаушылар тасымалын қалпына келтіреді. Бұл туралы «Өзбек темір жолдары» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен келісім бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жолаушылар тасымалы қалпына келтірілді. 2022 жылдың 15 мамырынан бастап №647/648 жолаушылар пойызы Нөкіс – Бейнеу – Нөкіс бағыты бойынша жүре бастайды. Осы жылдың 16 мамырынан бастап №1/2 пойызы Алматы – Ташкент – Алматы бағытымен рейске шығады», - делінген хабарламада.

Бұл жолаушылар пойыздары «Ташкент – Орталық» теміржол вокзалынан Қазақстанға аптасына үш рет қатынайтын болады.

Еске салайық, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар тасымалы 2020 жылдың наурыз айында коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын.