Өрт 1 мың шаршы метр аумаққа таралған
Қостанайда өрттің салдарынан 11 тұрғын үй мен көліктер өртеніп кетті. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
9 мамыр күні сағат 17:23-те Қостанай қаласының маңында Тобыл өзенінің бойында қамыс жанып, бір сәтте отқа оранды. Қатты желдің салдарынан өрт жақын маңдағы тұрғын үйлерге және Набережная көшесіндегі жеке сектордың аулалық құрылыстарына шарпыды.
«Өрт 1000 шаршы метр аумақты қамтып, өрттің салдарынан 11 астам тұрғын үй мен 6 шаруашылық құрылыс және 4 автокөлік сонымен қатар 2 тұрғын үй ішінара зардап шекті. Өртті сөндіруге екпінді жел мен қатты түтіндеу, сондай-ақ бір-біріне жақын орналасқан тұрғын үйлер мен аула құрылыстары себеп болды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, Набережная көшесі бойынша 25 адам эвакуацияланды», деп көрсетті облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт 20:15-те ауыздықталып, 21:24-те толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 21 техника және 91 адам жұмылдырылды.
Қазір өрттің шығу себебі және залалы анықталуда.