Бұл шың Кіші Алматы шатқалында орналасқан
Тау дайындығы орталығы нұсқаушыларының командасы «Батыр-панфиловшылар» шыңын бағындырды. Теңіз деңгейінен 4120 метр биіктікке дейін жететін шың Іле Алатауының Кіші Алматы шатқалында орналасқан, хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әскери альпинистер бұл жолғы жетістіктерін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арнап отыр.
«Қарулы күштердің 30 жылдығына біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өткен шыңды бағындыру шарасына 18272 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік және арнайы (тау) дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Аманжол Рахметов басшылық жасады.
10 адамнан тұратын топтың құрамына Қазақстанның танымал альпинистері Қарулы күштердің әскери қызметшілері майор Мақсұт Жұмаев, капитан Василий Пивцов, сержант Александр Софрыгин және т.б. кірді.