Беларусьтағы Бауырластар зиратында аты жазылған 2 мыңнан астам жауынгердің дені қазақ даласының тумалары екені анықталды
Сұм соғыстың аяқталғанына 77 жыл толса да одан қалған жара жазылар емес. Қаза болған жауынгерлердің жары жесір, балалары әкесіз қалды. Қаншама адам бауырынан айырылды. Талай боздақ хат-хабарсыз кетті. Осы күнге дейін үмітін үзбей, ең болмағанда қабірін тауып, бір уыс топырақ салуды армандап жүргендер бар. Солардың бірі Серік Оралов. Ол Беларусь елінің Витебскі аймағында туысқан ағасының жатқан жерін іздеп тапқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy 24.kz- ке сілтеме жасап хабарлайды.
Серік Оралов денсаулық сақтау саласында көп жыл қызмет атқарған ардагер. Зейнетке шыққан соң соғыс ардагерлері мен қаза тапқан майдангерлер туралы деректер жинаумен айналыса бастаған. Осы уақытқа дейін белгісіз болып келген 41 жауынгер жайлы дерек тауыпты. Мәліметті жинап ғана қоймай, «Боздақтар» атты шағын кітап та жазған.
«Енді өзімнің аталарыма деген құрмет шығар деп ойлаймын. Өйткені біздің 41 атамыз соғысқа барған екен. Соның 23–і майдан даласындағы, соның 18-і ғана келген екен. Соның әрқайсына кішкене өмірдерек жазып, суреттерін салып, жарыққа шығардым кішкене кітапша болып шықты», - дейді зейнеткер Серік Оралов.
Ақсақалдың айтуынша, осы 41 жауынгердің арасында туысқан ағасы туралы да дерек табылған екен. Мәлімет Ресейдегі мұрағаттардан шыққан. Деректерді зерттеу барысында Көшербай Тыныкеұлының Беларусь елінің Витебскі аймағында жерленгені анықталған. Жалпы Тыныке әулетінің төрт ұлы майданға қатысқан. Біреуі елге мүгедек болып оралады. Қалғандары қан майданда қаза тапқан. Міне солардың үлкені Көшербай Тыныкеұлы 1943 жылы Витебск түбіндегі шайқаста шаһид болыпты.
«Негізі Қазақстанның жауынгерлері мынау Воронеж, Витебск, Белоруссия маңайында көбісі қаза тапқан. Өйткені алғашқы соғыстың басталған уақытында негізгі осы Совет үкіметінің уақытысында ғой, соны қорғаған қазақстандықтар», - деді зейнеткер Серік Оралов.
Ағайын елжіретпей қойсын ба?! Серік ақсақал ағасының жатқан жерін көру үшін арнайы Беларусьқа барып, Бауырластар зиратындағы боздақтарға құран бағыштаған. Сол арада аты жазылған 2000-нан астам жауынгердің дені қазақ даласының тумалары екенін де анықтапты.