Қызылорда облысында сатылып жатқан бірқатар ет өнімі талапқа сай болмай шықты

Azattyq Rýhy

Мамандар өндірушілерге тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарлама жіберді

Қызылорда облысында сатылып жатқан бірқатар ет өнімі талапқа сай болмай шықты
Фото: instagram/СЭБ комитеті

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ет өнімдерінде сапа көрсеткіштері бойынша сәйкессіздіктер анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары сәуірде өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында 173 сынама сатып алған. Іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 71,7%-ы тағам өнімдерінің үлесінде болса, 28,3%-ын тамақ емес өнімдер құрады. Оның ішінде отандық тауарлар қатары - 22,5%, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өнірілген өнімдер – 67,0% және өзге елдердің тауарлары – 10,4%. 

«Жүргізілген сараптамалар нәтижесі бойынша сатып алынған барлық өнімнің 14 үлгісі техникалық регламенттердің талаптарына сай келмей шықты. Атап айтқанда, 3 өнімнен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер тіркелді. Ішек таяқшалары тобының бактериялары ет өнімдерінен: котлет, тефтели, тартылған ет сияқты жартылай фабрикаттардан табылды. Мұндай азық-түлікті пайдалану түрлі ішек инфекциясы мен тағамнан улану жағдайларына алып келуі мүмкін», - деп атап өтті  Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері.

Айта кетерлігі, жедел ішек инфекцияларының жыл басынан бері тіркелген 281 жағдайының 88%-ы тағаммен байланысты екені анықталған. Сондықтан бұл өнім түрлерін пайдаланар алдында міндетті түрде мұқият термиялық өңдеуден өткізу қажет.

Сондай-ақ физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 2 өнімнен, таңбалануы бойынша 8 өнімнен заңбұзушылықтар тіркелді, сондай-ақ 1 өнімнің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткені анықталды.

«Сәйкессіздіктер тіркелген өнімдердің 7 сынамасы отандық өндірушілердің өнімі болса, 7 сәйкессіздік  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен өзге де шет елдерде өндірілген  өнімдер еншісінде», - делінген комитет хабарламасында.   

Техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген отандық өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді. Анықталған кемшіліктерге сәйкес 60 нысанға ҚР-ның халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою жөніндегі нұсқамалар берілді.

«Тексерулер нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-баптың 1-бөлімі бойынша 1 нысанға жалпы сомасы 45945 теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген  жалпы құны 7990 теңгені құрайтын 3,40кг тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.